Мәдениет

«Мөлдір заттар»: ескірмейтін жәдігерлер көрмесі

Ақтөбе қаласындағы облыстық өнер музейінде ерекше көрме өтіп жатыр. Мұндағы коллаж техникасында жасалған жұмыстардың саны 100-ге жуықтайды. 

«Мөлдір заттар» деп аталған көрме алдағы ақпан айының орта тұсына дейін жалғасады. Идея авторы — суретші Юлия Минько. Музейдің кезекті шарасында келушілер тек оның ғана емес, Дулат Құрманалин, Гүлбарам Асқарова, Айгүл Құрманалина, Всеволод Демидов, Татьяна Дундич, Наталья Лепихина, Евгения Сухотина, Ирина Құрманалина, Валентин Русановский, Кармине Барбаро сынды жерлес, елордалық және алматылық өнер шеберлерінің жұмыстарын тамашалай алады.

— Аталған көрмеге кескіндеме, графика, мата, керамика, дизайн саласында кәсіби жұмыс істейтін қазақстандық суретшілер қатысып отыр. Коллаж техникасында дайындалған жұмыстар өнерсүйер ақтөбеліктерді бейжай қалдырмайтынына сенімдіміз. Неге десеңіз, мұндағы заттардың көпшілігі ескі бұйымдардан жасалған, сол арқылы жаңа, өзгеше арт-жұмысқа айналған. Бұл көрменің басты ерекшелігі де осында жатыр, — дейді облыстық өнер музейінің ғылыми қызметкері Іңкәр Әлібекова.

Бас киім, жарға ілетін картина, қылқалам шеберлерінің қиялынан туған басқа да өнер туындылары кезекті рет байырғы заттардың құнды һәм сапалы екенін, онымен қоштасуға асықпау керектігін ұғындыратындай… Көрмені ұйымдастырушылар да, осылайша, әр нәрсенің қадірін білуге шақырғанын, кез келген затқа «екінші өмір» сыйлауға болатынын айтады.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button